×

Ербол Қарашөкеев «СҚ-Фармация» үлгісінде тағы бір компания құруды ұсынды

Мәжілісте ветеринария саласын реформалау мәселесі қаралды

 Ербол Тұрымбет 04.04.2022 | 13:42
көрнекі фото: "СҚ-Фармация" қоймасы

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгінгі Мәжіліс отырысында «СҚ-Фармация» үлгісінде ветеринария саласында бірыңғай дистрибьютер құруды ұсынды.

Министрдің айтуынша, бүгінде жануарлар үшін аса қауіпті арнайы тізімде 23 ауру бар. Індеттің алдын алу үшін ветеринариялық бақылау комитеті қажетті препараттарды сатып алып, оны таратумен әкімдіктер айналысады. Алайда, мұндай жүйе ветеринарлар үшін қолайсыз. Себебі олар уақытын сарп етіп, конкурстық рәсімдермен айналысып жатады.

Одан бөлек, биыл отандық өндірушілермен бір көзден тікелей шарт жасасу заңнамада қарастырылмаған.

«Ветеринариялық бақылау комитеті мен оған бағынысты ұйымдардан мемлекеттік сатып алу функцияларын алып тастау қажет. «СҚ-Фармация» үлгісінде ветеринариялық препараттар мен диагностиканы сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор құрған дұрыс. Бірыңғай дистрибьютор ветеринариялық препараттарды отандық және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алады. Сондай-ақ компания толығымен мемлекеттің бақылауында болады», - деді министр.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі Білім және ғылым министрлігіне ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны бүгінгі 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жөнінде ұсыныс айтты.

2020-2021 оқу жылында 1 283 ветеринар маман (мемлекеттік тапсырыс бойынша - 728, ақылы негізде - 551, кәсіпорын есебінен - 4) шығарылды, оның ішінде әйелдер - 717 (55,8%). Жыл сайын кадр даярлауға (ветеринария) 825 білім беру гранты бөлінеді, 2021 жылы гранттар саны 50-ге немесе 6,3%-ға артты. Мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылғандар – 712 немесе 55%, мамандығы бойынша еместер - 312 немесе 25%. Қалғандары – 259-ы немесе 20% түрлі себептер бойынша жұмысқа орналаспаған.

«Ветеринария туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасында әзірленіп жатыр. Оны биыл 3-тоқсанда Парламентке енгізу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама