Қарағандыда алданған азаматтар өзін жиһаз шеберімін деген адамның үйіне жиналды
Алданған азаматтар өзін жиһаз шеберімін деген адамның үйіне жиналды
Қарағандыда жиһаз жасатамыз деп ақшасынан айырылған азаматтар наразылық білдірді. Әзірге 15 адам күдіктінің үстінен полицияға шағымданған. Бірақ алаяққа алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін, деп хабарлады КТК телеарнасы.
«Арыз жаздық. Бүкіл ұжым болып жаздық. 10 адам болды ол кезде. Осы бір-екі күнде тағы 5 адам табылды. 15 адам болды. Бұл біз білетін адамдар ғана, мүмкін басқа да адамдар бар шығар. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Бірақ тергеу өте нашар деңгейде жүргізіліп жатыр. Өйткені тергеушінің жасы 22-де ғана. Іс алға баспай тұр», - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Зарина Мұхтарова.
Алданған азаматтар өзін жиһаз шеберімін деген адамның үйіне жиналды. Бірақ бұл баспана оның анасына, ал қалған дүние-мүлкі жұбайы мен туыстарының атына рәсімделген екен. Оның үстіне ол ресми келісімшарт жасасып, ақшаны арнайы есеп-шотқа аудартқан.
Ол зардап шегушілерден 500 мыңнан 1 жарым миллион теңгеге дейін алған. Арызданушылардың айтуынша, бұдан ақшаларын 2016 жылдан бері ала алмай жүргендер бар көрінеді. Өйткені бәрі ресми түрде рәсімделгендіктен, іс қылмыстық емес, азаматтық-құқықтық негізге ауыстырылған. Тіпті сот шешімі шыққанымен, оның атында тәркілейтін дүниесі жоқ. Сондықтан, алданғандар қылмыстық іс тиянақты тергеліп, күдікті тиісті жазасын алса дейді.