Ол қайғылы оқиғаны жан-жақты тергеу керек деген пікірде
Қаңтар құрбандарына шындық айтылуы керек. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2022 жылғы қаңтарда қайғылы жағдай болды. Салдарынан 230-дан аса адам көз жұмды. Біз мұны азаматтық қоғаммен, Үкіметпен, халықаралық қоғамдастықпен әңгімелесу барысында жиі естідік. Мен (қаңтар оқиғасының – автор) құрбандарымен сөйлестім. Олардың қалай азапталғанын естідім. Олар осының бәрін тоқтау керегін жеткізді. Мен азаптауға келгенде президенттің нөлдік төзімділік саясатын қолдаймын, - деді Фолькер Тюрк Астанада өткен брифингте.
Ол азаптаудың қасіретін жойып, оның қайталанбауын болдырмау үшін қоғам болып бірігіп, жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Әділеттілік, өтемақы және қаңтар оқиғасының құрбандарына шындық айтылуы керек. Сондай-ақ мен халықтың сенімін арттыру үшін (қаңтар оқиғасын – автор) жан-жақты тергеуді ұсындым. Қоғам мен мемлекет институттарының әлеуметтік ынтымақтастығын нығайту – елдің болашағы үшін өте маңызды, - деп түйіндеді сөзін БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары.
Айта кетейік, қаңтар оқиғасынан барлығы 238 адам қаза тапқан. Олардың алтауы азаптаудан көз жұмған.