Үкімет қаулысының жобасы 5 сәуірге дейін көпшіліктің талқылауында болады
Елімізде Аналар және Әкелер күні мерекелері пайда болуы мүмкін. Бұл туралы мәлімет «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында берілген.
Құжатта Аналар күнін мамырдың екінші жексенбісіне, Әкелер күнін маусымның үшінші жексенбісіне белгілеу ұсынылған. Сондай-ақ қаулы түсіндірмесінде аталған мерекелік күндерді бекіту еліміздегі отбасы институтын нығайтуға ықпал ететіні айтылған.
Мерекелік күндердің тізбесіне «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді, – делінген қаулының жобасында.
Құжат 5 сәуірге дейін көпшіліктің талқылауында болады.