Күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр
Түркістан облысында шетелдік автокөлікті заңдастырып беремін деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сайрам аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ірі көлемде қаражат беріп, алаяққа алданғаны туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, оған белгісіз біреу шетелдік автокөлігін тіркеп, қазақстандық нөмір алуға көмектесемін деп уәде берген. Осы қызметі үшін күдікті аудан тұрғынынан 500 мың теңге алып, уәдесін орындамай қашып кеткен.
Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен Сайрам ауданының тұрғыны ұсталды.
Тексеру кезінде күдіктінің тағы бір осыған ұқсас алаяқтыққа қатысы бары белгілі болды. Бұл жолы күдікті жәбірленушіге автокөлігіңізге VIP-нөмір рәсімдеп бере аламын деп сендірген. Бұл қызметі үшін ол тұрғыннан 300 мың теңге ақша алып, бөтеннің қаражатын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазір аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.