Жамбыл облысында полицейлер жалға берілген пәтерлерді тексеріп жатыр
200-ден аса адам жауапқа тартылды
Жамбыл облысында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталды, деп хабарлады Polisia.kz.
15 наурыздан бастап полицейлер саяжай алқабын, қараусыз қалған және құрылысы тоқтап тұрған нысандарды, үйдің шатыры мен жертөлені тексеріп жатыр әрі қаруы бар тұрғындарды да бақылауға алған.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары ата-анасының бақылауынсыз жүрген жасөпірімдерді анықтау үшін базарлар мен басқа да сауда орындарын, берекесіз отбасыларды тексеріп жүр.
Іс-шараның алғашқы күні 1 100-ге жуық құқықбұзушылық дерегі тіркелді. ІІМ-де есепте тұрғандар да тексерілді.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары жалға берілетін пәтерлерді және оларда тұратын адамдарды тексерді.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы басталған күннен бері 15 қылмыстың 10-ы ізін суытпай ашылды. Тіркеусіз тұрғаны үшін 200-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзудың 60-тан аса дерегі анықталды.
Облыста патрульдік полиция батальоны көлік басқарған 12 мас жүргізушіні анықтады. Олардың мас болғаны медициналық сараптама қорытындысы нәтижесінде дәлелденді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша мас жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылды. Осы баптың санкциясы 15 тәулікке қамауға алуды және 7 жылға көлікті басқару құқығынан айыру жазасын қарастырады.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы бүгін, 17 наурызда аяқталады.