Halyq Uni логотип
×

Депозиттер бойынша өтемақы төлеуге банктерге 306,6 млрд теңге түсті

Сыйлықақы Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің қаражаты есебінен төленеді

 Динара Амантай 17.03.2023 | 09:40
Депозиттер бойынша өтемақы төлеуге банктерге 306,6 млрд теңге түсті
Фото: Halyq Uni

Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге арналған қаражат банктерге келіп түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, 16 наурызда теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуге арналған қаражат екінші деңгейлі банктерге түскен.

Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқандығын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың ақтық тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды, – деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ақшаларды банктерге аударды. Аударылған қаражаттардың жалпы сомасы 306,6 млрд теңге болды. Ал мемлекет тарапынан 10 пайыздық сыйлықақыны алатын салымшылар саны 2 млн 615 мың 772 адамды құрады.

Қағидаларға сәйкес, екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде (соңғы күнін қоса алғанда 2023-тің 20 наурызына дейін) тиесілі сыйлықақыны өтініш берген депозиторлардың шоттарына аударады.

Теңгелік депозиттер бойынша 10%-дық сыйлықақы Қаржы министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық банкінің қаражаты есебінен төленеді.

Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштерді 5 ай бойы – 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың ақпанына дейін қабылдады. Өтініштерді қабылдау биыл 10 ақпанда аяқталды.

Сыйлықақыны есептеу бойынша толыққанды ақпарат алу үшін салымшылар өз депозиттері ашылған банктерге жүгінуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама