×

Алматы облысында G4 City арнайы экономикалық аймағы құрылды

Оның ауданы – 30 мың гектар

 Дәурен Ерболат 17.03.2023 | 09:05
Фото: plus.rbc.ru

Үкімет қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында G4 City арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Экономикалық аймақ Алматы қаласының солтүстігінде, ұзындығы 80 шақырым А3 тас жолының (Алматы – Қонаев) бойында орналасқан. Оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді.

Жаңа экономикалық аймақ G4 City интеграцияланған қаласын құруға, отандық және шетелдік инвестиция тартуға қолайлы климат ұсынады деген жоспар бар. Бұл бүкіл аймақтың дамуына жаңа серпін береді.

Мәселен 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 трлн-нан аса теңгенің қызметтері мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы жаңа экономикалық аймақтың қызметі G4 City-де туризм, медицина, көлік-логистика, білім беру және мәдени-демалыс салалары инфрақұрылымының жедел дамуына септігін тигізеді, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ АЭА режимі нысандарды салуға кететін негізгі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама