×

«Әйеліне дем салдырған»: Астана мешітіндегі қайғылы жағдайға қатысты тың дерек шықты

Муслухиддин Надыровтың адам емдейтін қасиеті бар

 Халық үні 16.03.2023 | 22:48
фото: КТК телеарнасы

Астанада 13 жерден пышақталған мешіт қызметкерінің беті бері қарамай тұр. Дәрігерлер оның өміріне әлі де қауіп төніп тұрғанын айтады. Ал Алланың үйінде қолын қанға былғаған күдікті қазір тергелуде. 1990 жылғы туған айыпталушы елордаға іргелес Жібек жолы ауылының тұрғыны. Отыздан асқан азамат дін өкілімен нені немесе кімді бөлісе алмаған? Діни басқарманың уәжі қандай? Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды. 

Телеарна хабарлауынша, қанды қылмыс Астанадағы Шейх Кунта қажы атындағы мешітте болған. Намаз оқуға қамданып жатқан адамға Жібек жолы ауылының тұрғыны суық қарумен тап берген. Күдіктінің Алланың үйінде қолын қанға былғауына әзірге түрлі болжамдар ғана айтылуда. Алып-қашпа әңгіменің көбейгенін мешіт қызметкерлері де растап отыр.

Тергеу аяқталғанға дейін тіс жармаймыз деп камерадан жүзін алып қашқан мына жігіт өзін жәбірленушінің інісімін деп таныстырды. Ол да осы мешітте діни қызметкер екен. Діни басқарманың өкілі әлеуметтік желідегі парақшасына зардап шеккен азамат мешітте шаруашылық қызметкері деп ақпарат таратқан.

Бүгін белгілі болғандай, ауруханада өмір үшін күресіп жатқан Муслухиддин Надыровтың адам емдейтін қасиеті бар екен. Алла үйінің шаруашылық жұмыстарына жауап бергенімен, арасында дем салып, тұрғындарды емдеумен айналысыпты. 13 жерден дене жарақатын алған оның беті әлі бері қарай қоймаған.

14 наурызда жедел жәрдем бригадасы науқасты Астанадағы №3 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізді. Шұғыл түрде жедел емдеу шаралары жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өзгеріссіз. Өте ауыр. Оның өмірі үшін дәрігерлер әлі де күресіп жатыр, – дейді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. 

Бейресми ақпарат бойынша, айыпталушының келіншегі дін өкіліне дем салдырып емделуге барған. Ал отағасы мұны құптамаған болуы керек. Десе де бұл ел аузындағы болжамның бірі ғана.

Аталған оқиғаға қатысы бар адам қылмыс орнында ұсталды. Ол Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу негізінде сотқа дейінді тергеудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды, - дейді Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова. 

Телеарнаның хабарлауынша, Муслухиддин Надыров Оңтүстік өңірдің тумасы. Астанаға көшіп келгеніне 10 жылдан асыпты. Осы аралықта талай ем іздеп келгендердің дертіне дауа тапқан.

Жағдайды естігенде абдырап қалдық. Оны бұл жақта бәрі біледі. 13 жылдан бері осында жұмыс істейді. Ешкімді ренжіткен де емес. Бүкіл Қазақстан таниды. Қандай жағдай болғанын білмейміз ғой. Дем салады, құран оқиды, –  дейді жәбірленушінің ағасы Абдысалам Надыров. 

Күдіктінің әйелі де қазір ауруханада жатыр деген мәлімет тарауда. Тек мұны қаланың денсаулық сақтау басқармасы растаған жоқ, жоққа да шығармады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама