Тоқаев түркі елдерінің төтенше жағдайлар мекемелерін біріктіруді ұсынды
Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды, – деді ол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитіне қатысты. Ол Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен екіжақты келіссөз аяқталғаннан кейін Анкара қаласының Конгресс орталығында түркі елдері басшыларымен кездесті. Одан кейін саммитте сөз сөйледі.
Президент жиындағы сөзін әуелі осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Түркия елінде болған алапат апаттан, яғни жер сілкінісінен қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына көңіл айтудан бастады.
Біз бауырлас Түркияға үлкен ауыртпалық әкелген аса жойқын жер сілкінісіне байланысты жиналдық. Мыңдаған бауырымыз қаза тапты. Марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын.
Алапат зілзаланың зардабын тартқан түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды, – деді ол.
Одан әрі мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірден түрік бауырларға қол ұшын созғанын, құтқарушыларымыз бен дәрігерлеріміздің дереу көмекке аттанғанын, қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыздың құтқару жұмысына атсалысып, бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсеткенін атап өтті.
Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты.
Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар.
Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Тоқаев.
Осы орайда, президент еліміздің апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенін, осының өзі бауырлас түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынын жеткізді.
Сонымен бірге ол түркі мемлекеттерінің сын сағатта ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсеткенін, мұның өзі де бауырмалдығымызды нығайта түсетін жақсы қасиеттің бірі екенін ескертті. Сол себепті президент түркі елдерінің әрдайым бір-біріне қамқор болып, ынтымағы жараса берсін деген тілегін білдірді.
Түрік халқы ешқашан қиындыққа мойымаған. Керісінше, әрбір сынақтан шыңдалып шыққан. Бауырларымыз осы жолы да Сіздің көреген басшылығыңызбен сынақтан сүрінбей өтеді. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркия президентіне қарата.
Осы ретте ол қазір жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатқанын, бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналғанын, осындай қиын кезде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмағанын, еліміз табиғи апаттан зардап шеккен елдерге үнемі қолдау көрсететінін атап өтті.
Біз қаржылай және тауар түрінде гуманитарлық көмек берумен ғана шектеліп қалмаймыз. Бұдан бөлек, құтқарушыларды жіберіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысамыз.
Жалпы, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек. Сондай-ақ, Ұйым хатшылығы және мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу қажет, – деді ол.
Осыған байланысты Тоқаев табиғи апатты алдын алу үшін басым бағыттарды атады.
Бірінші. Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады, – деді сөз сөйлеуші.
Оның айтуынша, бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Екінші. Түркияда болған жер сілкінісі табиғи апаттың алдын алу және оның салдарын жою үшін өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттігін көрсетті. Бұл туралы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында нақты айтылған.
Сондықтан, іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейтуіміз қажет, – деді ол.
Осы мақсатта ол түркі елдерінің төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды.
Президенттің пікірінше, бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жою үшін іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік бермек.
Үшінші. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды.
Биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады.
Қазір геосаяси жағдай күрделі екенін білесіздер. Әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес. Осындай қиын кезеңде Түркі әлемі өзара ынтымақтастығын нығайта түсті. Бұл – өте дұрыс қадам.
Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі, – деп атап өтті ол.
Осыдан кейін президент биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтетінін айтып, осы алқалы жиынға қатысуға барлық түркі елдерінің басшыларын шақырды.
Оның айтуынша, бұдан басқа, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады.
Қиын сәтте халықаралық қауымдастықтың түрік халқына қолдау көрсетуі Реджеп бейдің жоғары беделі мен еліне жасап жатқан риясыз қызметінің нәтижесі деп санаймын.
Биыл Түркия Республикасына 100 жыл толады. Бұл – үлкен тарихи меже. Түркия қысқа мерзімнің ішінде қуатты, ықпалды мемлекетке айналды. Оның халықаралық ықпалы және беделі, расында, өте күшті. Осы жерде Режеп Тайип Ердоғанның еңбегі және үлесі айқын. Оны бүкіл әлем мойындап жатыр.
Осы ретте, қадірменді Реджеп Тайип Ердоған мырзаға алдағы Президент және Парламент сайлауында сәттілік тілеймін. Түрік жұрты Сізге барынша қолдау көрсетеді деп сенемін. Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Тұтас түркі жұртына ортақ Әз-Наурыз бәрімізге бақ-береке әкелсін!
Сонымен қатар, Наурызбен тұспа-тұс келетін он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазанның басталуына орай ізгі тілектерімді қабыл алыңыздар, – деді ол сөзінің соңында.
Осылайша мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі сөзін аяқтады.