Ондағы тұрғындар түрлі дертке шалдығып жатыр
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданын экологиялық апат аймағы деп тану керек. Бұл туралы сенатор Бекбол Орынбасаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады. Айтуынша, Арал теңізінің құрғап кетуінің салдары Бейнеу ауданына тиген әрі ондағы тұрғындардың құқығы қорғалмай жатыр.
Арал өңірінің қазақстандық бөлігі экологиялық апат аймағы деп танылған болатын. Ол аймаққа Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандары, сондай-ақ Ақтөбе облысының Шалқар ауданы кіреді. Табиғи өмір сүру жағдайының өзгеруі салдарынан аудан тұрғындары арасында онкология, туберкулез, аллергия, гипертония, асқазан-ішек аурулары және анемия дерті жиілеп кетті, - деді Бекбол Орынбасаров Сенаттың жалпы отырысында.
Тіпті, онда ана мен бала өлімі дабыл қағарлық деңгейге жеткен.
Арал теңізінің құрғауынан зардап шегіп отырған өңірлерді анықтау, аумақтың экологиялық жай-күйіне талдау жасау мақсатында комиссия құру қажет. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аумағын заңда көрсетілген экологиялық аймақ санатына қосу керек, - деді сенатор.