Halyq Uni логотип
×

Астанада тасқын суларды пайдалану идеясы ұсынылды

Еріген қар және тасқын суларын қолдану әдісі талқыланды

 Динара Амантай 16.03.2023 | 14:34
Астанада тасқын суларды пайдалану идеясы ұсынылды
Фото: Halyq Uni

14 наурызда Астанада Қазақстан Республикасындағы БҰҰДБ-мен бірлескен жоба шеңберінде Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығы Қазақстанда ұлттық және жергілікті деңгейлерде құрғақшылықты мониторингілеу, болжау, оның салдарын жұмсарту және оған ден қою жөніндегі дағдыларды пысықтау бойынша кезекті тренингін өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тренингке Төтенше жағдайлар, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «Қазгидромет» РМК, «Қазсушар» РМК, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі тараптардың 50 өкілі қатысты.

Жиында құрғақшылыққа дайындық кезінде суару мақсатында су қорын жинаудың қарастырылатыны айтылды. Экологиялық инфрақұрылымды құру және еріген қар суын жинау жүйесін және суды сақтау құрылымдарын енгізу құрғақ кезеңдерде үнемдеу мен үздіксіз сумен қамтамасыз ете алады.

Су тасқыны кезеңінен өту проблемасы еріген қар және тасқын суларын қолдануды басқаруда экологиялық және ойластырылған кешенді шешімдерді талап етеді. Мысалы, кейбір елдерде құрғақшылық кезеңінде егістіктер мен бақтарды суару үшін пайдалану мақсатында арнайы су жинау құрылыстары салынады. Сондай-ақ мұндай жүйені жергілікті егіншілік пен мал шаруашылығында пайдаланудың зор әлеуеті бар.

Іс-шара интерактивті түрде өтті. Бұл пікір алмасуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді және тренингке қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Өткізілген тренинг мүдделі мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының ұлттық және жергілікті деңгейлердегі құрғақшылықты болжау, оның салдарын азайту және оған ден қоюдағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Жапония «Климаттық уәде: уәдеден – әрекетке» жаһандық бастамасын іске асырудың келесі кезеңіндегі БҰҰДБ-ның ең ірі серіктесі болып табылады. Бастаманың келесі кезеңінде Жапония Үкіметі Қазақстанға ұлттық климаттық міндеттемелерді орындау үшін қаражат бөлді. БҰҰДБ-ның «Климаттық уәде» бағдарламасы (Сlimate Promise) – Париж келісімі шеңберінде әлемнің барлық дамушы елдерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін (ҰДАҮ) арттыру және іске асыру мақсатында олардың барлығының 80%-ын құрайтын 120-дан аса елдер мен аумақтарды қамтитын ҰДАҮ қолдау жөніндегі ең ірі жаһандық ұсыныс. Серіктестердің кең ауқымымен бірлесе отырып, бұл климаттық міндеттемелерді арттыру және Париж келісімін жүзеге асырудағы әлем бойынша ең үлкен қолдау ұсынысы болып табылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама