Сайлаудан кейін Үкіметті кім басқаратыны белгілі болады – Мәулен Әшімбаев
Конституцияға сәйкес, Парламент сайлауынан кейін үкімет отставкаға кетеді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 19 наурызда өтетін Парламент сайлауынан кейін Үкімет құрамының жаңаруына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан Конституциясы мен заңдарына сәйкес, жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары жұмысына кіріскеннен кейін Үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Премьер-министр ретінде кімді ұсынады, қандай министрлер тағайындалады – бұл президент құзыретіндегі шешімдер. Сондықтан менің бұл мәселеге араласуым дұрыс болмайды. Осыған байланысты сіздер күте тұрыңыздар, аз уақыт қалды. Келесі апта бұл мәселелер шешіледі, - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
19 наурызда Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Мәжіліс депутаттарын сайлауда 7 партиядан 283 кандидат бәсекеге түседі:
- Қазақстан Халық партиясынан – 52,
- Ақ жол партиясынан – 54,
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19,
- «Байтақ» жасылдар партиясынан» – 18,
- «Ауыл» партиясынан – 25,
- Respublica партиясынан – 25,
- AMANAT партиясынан – 90.