ШҚО-да ресейлік жүк тиелген 18 вагон рельстен шығып кетті
Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Шығыс Қазақстан облысында жүк тиелген 18 вагон рельстен шығып кетті. Бұл туралы ҚТЖ ұлттық компаниясы АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
3 сәуір сағат 12:04-те Шығыс Қазақстан облысының Өскемен – Күмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып кетті. Пойыз сағатына 37 км жылдамдықпен жүрген. Руда тиелген екі вагон - Ресей меншігі. Шлак тиелген тағы 16 вагон «КазцинкТемірТранс» ЖШС-не тиесілі.
ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Болған жағдайдың себеп-салдарын тексеріп, анықтау үшін ҚТЖ басшыларынан комиссия құрылған.