×

Серік Күдебаев әлі ауырып жатыр: сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды

Мемлекеттік айыптаушы оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді

 Халық үні 16.03.2023 | 12:32
Серік Күдебаев, фото: Талдықорғандағы сот отырысынан

Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Алматы облысы полиция департаментінің экс-бастығы Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы тағы кейінге шегерілді. Ақпаратты Жетісу облысы сотының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Серік Күдебаев сот үкімі шығатын күні ауруханаға түскені белгілі болды. 10 наурызда Күдебаевқа сот үкімі шығуға тиіс болған. Алайда сотталушының сот отырысына келе алмауына байланысты сот отырысы кейінге қалдырылды.

Жетісу облысы сотының хабарлауынша, Серік Күдебаевқа қатысты сот үкімі 20 наурызда оқылады. Сот отырысы сотталушының денсаулығына байланысты тағы да кейінге шегеріліп отыр.

Бұған дейін Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің экс-бастығы Серік Күдебаевтың сотында прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айта кетейік, 58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын.

Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама