Бұл елдің клубтарына да жарыстарға қатысуға тыйым салынған
Еуропа Парламенті УЕФА-дан Ресейдің соңынан Беларусьті де құрлық чемпионатының іріктеу турнирінен шығаруды талап етті. Бұл туралы 024.by хабарлады.
Еуроарламенттің депутаттары УЕФА президенті Александер Чеферинге Беларуське қарсы санкцияны күшейту туралы хат жолдады.
Осыған байланысты футболдан Беларусь елінің ұлттық құрамасы Ресей командасымен бірге Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін іріктеу турнирінен шығып қалуы мүмкін.
024.by-тің хабарлауынша, Еуропарламенттің депутаттары чемпионатқа Беларусь құрамасының қатысуы халықаралық қауымдастықтың Александр Лукашенко режимін қолдағанын білдіреді деп санайды.
Беларусь құрамасы болса, әзірше 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне жіберіліп отыр. Команда жеребе бойынша Швейцария, Израиль, Румыния, Косово және Андорра командаларымен бірге I топқа түскен.
Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің күнтізбесіне қарасақ, Беларусь құрамасы 25 наурыз күні Швейцария командасымен ойнауға тиіс болатын. Бірақ матч Беларусьте емес, бейтарап алаңда, яғни Сербияның астанасы – Белград қаласында өтетін болып шешілген. Ал Швейцария футбол федерациясы осының өзіне келіспейтінін мәлімдеді.
Бұдан басқа, Беларусь клубтарының Еуропа жарыстарына да қатысуларына тыйым салынған.