Halyq Uni логотип
×

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы Орталық Азия мен ТМД бойынша тағы үздік деп танылды

Марапат 8 ай көлемінде жүргізілген зерттеулерге негізделген

 Динара Амантай 16.03.2023 | 11:51
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы Орталық Азия мен ТМД бойынша тағы үздік деп танылды
Фото: Halyq Uni

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы екінші жыл қатарынан World Airport Awards байқауында Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай болып танылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, марапат Нидерландының Амстердам қаласында өткен Passenger Terminal Expo 2023 халықаралық көрмесінде табысталған.

Айта кетерлігі, World Airport Awards – әлемдік әуежай индустриясындағы ең беделді марапат. Ол сапа стандарты болып саналады және әлемнің 550-ден аса әуежайында тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын бағалайды.

Біз бұл жоғары бағаны қайта алғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің әуежай Орталық Азиядағы ең көп жұмыс істейтін әуежайлар арасында 2-орында, сонымен қатар посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-орында. Елорда әуежайы – елдегі ең ірі әуежайлардың бірі. Сонымен қатар отандық және бірқатар шетелдік әуе компаниялар үшін базалық әуежай болып табылады. Бүгінде үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес, жолаушыларға қызмет көрсету үшін толық инфрақұрылымға ие, – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.

Сондай-ақ ол бүгінде кәсіпорынды дамыту IATA және ICAO халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Елордалық әуе айлағы Астана қаласының қонақтары мен жолаушыларына барынша қолайлы жағдай жасайды. Цифрлық мүмкіндіктерді дамыту арқылы жолаушылар тіркеуден онлайн өтіп, өз рейстерін бақылап, пайдаланатын қызметтеріне ақы төлей алады. 

Аталған марапат 8 ай көлемінде жүргізілген зерттеу кезеңінде әуежай клиенттерімен толтырылған World Airport Survey (әлемдік әуежайды зерттеу) сауалнамаларына негізделген. Сауалнама нәтижелері әуежайдың бақылауынан тыс тәуелсіз сарапшылармен шығарылады. Зерттеу барысында әуежайда тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасы, негізгі көрсеткіштердің тиімділігі, тіркеу, тасымалдау, сатып алу, қауіпсіздік және паспорттық бақылау сияқты көрсеткіштер бағаланды.

Еске сала кетсек, елорда әуежайы өткен жылы да дәл осы марапатқа ие болған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама