Қарағанды облысының полициясы күшейтілген режимге көшіп жатыр

Динара Амантай

Облыстық ПД гарнизонының жалпы саптық таратылымы болды

Фото: Қарағанды облысы ПД-ның баспасөз қызметі

Қарағанды облысы полициясының гарнизоны жұмыс өткерудің күшейтілген нұсқасына көшті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Қарағанды қалалық полиция басқармасының плацында облыстық полиция департаменті гарнизонының жалпы саптық таратылымы болды. Шараны департамент бастығы Ерлан Файзуллин өткізді.

Мәжіліс және маслихат депутаттарын сайлау, сондай-ақ Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз мейрамына байланысты 16-24 наурыз аралығында полиция қызметкерлері жұмыс атқарудың күшейтілген кестесіне көшірілді. Осы аралықта біздің басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Қызмет атқару барысында азаматтардың конститутциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтап, төтенше жағдайларға жол бермеуіміз қажет. Сонымен қатар жұмыс барысында азаматтармен ілтипатты қарым қатынас жасау да басты қағидамызға айналуға тиіс. Сіздер жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деген сенімдемін, – деді Ерлан Файзуллин.

Таратылым барысында департамент бастығының бұйрығымен қызметте ерекше көзге түсіп, халықтың алғысына бөленген бірқатар тәртіп сақшылары марапатталды. Олардың арасында жақында қызметтік көлікте толғағы қысқан қала тұрғынын босандырып алған патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Медет Төлегенов пен Берік Кеңесов те бар. Дәрігерлердің айтуынша, полицейлердің сауатты әрі дереу қабылдаған іс-әрекеттерінің арқасында ана мен бала өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ. Іс-шара соңы полиция қызметкерлерінің салтанатты шеруімен аяқталды.