Батыс Қазақстан облысында 170-тен астам тұрғын үйді су басты
3 сәуірде Жәнібек ауданында қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан 2 елді мекенді су басты
Жақсыбай ауылында шамамен 170 тұрғын үй су астында қалды, Жергілікті атқарушы орган мен Шекара қызметінің күшімен 637 адам эвакуацияланды: оның ішінде 305 адам (89 бала) М.Б. Ықсанов атындағы мектеп-балабақша кешеніне және 332 адам туыстарының үйіне орналастырылды.
Таловка ауылында 2 тұрғын үй су астында қалды. 8 адам эвакуацияланды, оның ішінде 2 бала туыстарына жіберілді.
Ауыл тұрғыны Гүлстан Төрешеваның айтуынша, аяғы ауыр екі әйелді тікұшақпен алып кеткелі жатыр. Ауыл ортасындағы жаяу көпірді су ағызып кеткен, салдарынан Жақсыбай өзенінің (жылға) арғы бетіндегі 17 үйдің тұрғыны қатынассыз қалған. Және ол жаққа баратын құбырларға зақым келіп, тұрғындар газсыз, сусыз, жарықсыз қалды. Жақсыбай ауылында ауыз су ажырады.
Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті Батыс Қазақстанға қосымша МИ-8 тікұшағын, қажетті құрал-жабдықтарды, 12 құтқарушы және автокөлікпен құралдар, жеке құрамнан 34 адам және 4 бірлік техника жіберді.
Сондай-ақ, облыс орталығынан жеке құрамнан 20 адам және 3 бірлік техникадан тұратын қосымша күштер мен құралдар жіберілді.
Ауыл әкімі Алмат Қаратаевтың айтуынша, Жақсыбай ауылында 1465 тұрғын бар. Бүгін төтенше жағдай қызметкерлері мен шекара қызметі мамандары көмекке жеткен. Ауыл ішінде тек тракторлар мен Урал көліктері ғана жүруде.
Келтірілген шығын әлі есептелмеген. Әзірге белгілісі, бес жанұяның 29 бұзауы, 10 сиыры, 1 жылқысы, 67 қозысы өлген.
Нұрлыбек Рахманов, БҚО