Қазақстандықтар енді меншік иелері бірлестігін онлайн тіркей алады

Динара Амантай

Бұл қызмет «Управдом» ЖШС қосымшасында қолжетімді

Фото: Halyq Uni

Әділет министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Digital Justice портфелі аясында жаңа жобаны іске қосты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Енді қазақстандықтар МИБ (Меншік иелері бірлестігін) онлайн режимде тіркеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын қазақстандықтар МИБ-ті тіркеу және оның төрағасын сайлау үшін үй тұрғындарымен бірнеше кездесіп, әділет органдарына тиісті өтініш беріп, көп уақыт жұмсайтын. Енді ұялы телефондағы мобильді қосымша арқылы онлайн өтінім беруге болады. Бұл қызмет «Управдом» ЖШС қосымшасында қолжетімді.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұл жоба арқылы онлайн форматта дауыс беруге болады. Бұл тұрғындардың қолтаңбаларын онлайн жинауға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде санауға және электрондық хаттаманы автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ үйдің төрағасы, хатшысы және Кеңес мүшелері қол қойған электрондық хаттама «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына МИБ электрондық тіркеу үшін жолданады. Жоба ең алдымен МИБ қызметінің ашықтығы, алаяқтық әрекеттерді болдырмау, үйді басқару кезінде үдерістерді автоматтандыру, қағаз құжат айналымынан арылуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, азаматтарға қолайлы болу үшін басқа да IT-шешімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жалғаса бермек.