Мейрамды атап өту бүгіннен басталды
Елордада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 100-ден аса түрлі форматтағы іс-шара өткізіледі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала тұрғындары мен қонақтары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, көрмелерге, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша спорт жарыстарына, мерекелік іс-шараларға және т.б. қатыса алады.
15 наурызда сағат 12:00-де орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Армысың, әз-Наурыз!» мерекелік кешін, ал 16 наурызда сағат 16:00-де «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз!» іс-шарасын өткізеді.
16-17 наурызда қаланың білім беру ұйымдарында оқушыларға арнайы тақырыптағы көрмелер, кітапханалар мен музейлерде конференциялар, сондай-ақ ардагер ұстаздармен кездесулер, театрландырылған қойылымдар, конкурстар дайындалады.
«Өркен» оқу орталығында «Наурыз тойы басталды» ұлттық ойын түрлерінен турнир өтеді.
16 наурызда сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Наурыз мейрамы құтты болсын!», ал 17 наурызда кешкі сағат 19:30-да «Наурыз – думан» мерекелік бағдарламасы өтеді.
16-28 наурыз аралығында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Сәкен Сейфуллин музейінде «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік көрме өтеді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да 17 наурызда факультеттер арасында мерекелік концерт пен дастархан жаю бойынша конкурс өткізіледі.
Елорданың Қуыршақтар театрында 17-31 наурыз аралығында жас көрермендер үшін «Наурыз – думан» қуыршақ шоуы ұйымдастырылады.
17 наурызда Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония «Палитра созвучий» концертіне шақырады. Онда Камералық хор Гамбург әйелдер хорымен (Германия) бірлесіп, арнайы әзірленген бағдарлама ұсынады.
20 наурызда сағат 19:00-де осы сахнада мәдениет саласындағы «Наурыз ұлттық сыйлығы» іс-шарасы өтіп, ұлттық сыйлық табысталады. Сол күні әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы «Қара жорға» би флешмобын және «Наурыз – думан» челленджі күйлерін дайындап отыр.
21 наурызда 18:00-де Музыкалық жас көрермен театры «Жаздың соңы» премьералық қойылымын ұсынады. Ал 22 наурызда дәл осы сахнада «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, ал 23 наурызда «Гауһартас» музыкалық-драмалық қойылымының премьерасы көрсетіледі.
21 наурызда сағат 19:00-де «Қазақстан» ОКЗ-да «Әнім сен едің» концерті өтеді. Сахнада еліміздің жетекші солистері, жас әрі талантты орындаушылар, заманауи эстраданың танымал өнерпаздары қазақтың белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындайды.
21-23 наурыз аралығында ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында «Наурыз базары» Шығыс жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамаларын ұсынады. Қала тұрғындары үшін еліміздің әр өңірінен шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілердің жаңа өнімдері ең тиімді бағада қолжетімді болады. Нағыз гурмандарды шығыс тағамдары фестивалі күтеді. Жәрмеңке күн сайын жұмыс істейді: 21 наурызда 13:00-ден 18:00-ге дейін, 22 және 23 наурызда сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін.
21 наурызда сағат 13:00-де ЭКСПО аумағындағы Nur Alem сферасының жанындағы ашық алаңда «Наурыз мейрамы» көшпелі өркениет фестивалі ашылады. Сондай-ақ ол 22 және 23 наурызда сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Фестиваль аясында мерекеге орай елорда тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.
Фестиваль елорданың басқа ауданында ұйымдастырылады. Мәселен, Қазақ Елі монументінің алаңында және қалалық алаңда 21 және 22 наурызда сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін, 23 наурызда 11:00-ден 14:00-ге дейін.
Ауқымды іс-шаралар елді мекендерде де ұйымдастырылады.
Алматы ауданы:
- «Теміржолшылар» елді мекені;
- «Жерұйық» саябағы;
- «Күйшілер» аллеясы;
- «Интернациональный» елді мекені;
- «Мичурино» елді мекені.
Есіл ауданы:
- «Үркер» елді мекені;
- «Байтерек» монументі;
- «Пригородный» елді мекені;
- «Жағалау» гүлзары;
- «Арнау» тұрғын үй кешені;
- «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені;
- «Назарбаев-Орталығы».
Сарыарқа ауданы:
- «Көктал» саябағы;
- «Қорғалжын» саябағы;
- «Агроқалашық» елді мекені.
Байқоңыр ауданы:
- «Ататүрік» саябағы;
- «Жазушылар» аллеясы;
- «Кирпичный» елді мекені;
- «Казгородок» елді мекені;
- «Өндіріс» елді мекені.