×

Қазақстанның балық өнімдері Еуропа елдеріне экспортталады

Болашақта еуропалық нарыққа балық өнімін шығару бойынша сауалнама жіберілді

 Динара Амантай 15.03.2023 | 15:02
Фтоо: smi24.kz

Бүгіннен бастап Еуропалық комиссия қазақстандық балық кәсіпорындарын өз өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға құқығы бар компаниялар тізіміне енгізу рәсімін қайта бастайды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазақстандық ветеринариялық бақылау жүйесіне деген сенімді қалпына келтіру туралы тиісті хат жолданды. Осылайша, өз өнімдерін ЕО-ға экспорттауға құқығы бар отандық кәсіпорындардың тізімі кеңейтілетін болады. Бүгінде тізілімде 17 қазақстандық компания бар.

2018 жылы Еуропалық комиссия балық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға аудит жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 11 ұсыныс берілді. Оның ішінде елдің ветеринарлық қызметін бақылау бойынша ұсыныс бар. Кейін қазақстандық тарап ұсынымдардың орындалуы туралы егжей-тегжейлі есеп жолдады.

Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі нығайту және ЕО елдеріне экспортталатын өнімдердің тізімін кеңейту аясында Еуропалық комиссия болашақта еуропалық нарыққа шығаруға болатын балық өнімі бойынша сауалнама жіберді.

Еске сала кетсек, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Брюссельге сапары аясында еуропалық комиссарлармен кездескен болатын. Келіссөздер барысында АШМ басшысы Қазақстанның жоғары сапалы органикалық азық-түлік жеткізушісі болу мүмкіндігі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Еуроодақ елдеріне отандық ет, сүт, құс және балық өнімдерін экспорттау туралы сөз қозғалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама