Бұл дода алғаш рет 9-21 маусым аралығында өтеді
Маусым айында Ресейдің ұлттық құрама командасы Ташкент пен Бішкек қаласында өтетін Орталық Азия Футбол ассоциациясының (CAFA) чемпионатына қатысады.
Бұл дода алғаш рет 9-21 маусым аралығында өтеді. Чемпионаттың топтық кезеңдегі матчтарын Өзбекстан мен Қырғызстанда өткізу жоспарланып отыр.
Ал CAFA өзінің барлық 6 мүшесі – Тәжікстан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстан командаларының турнирге қатысатындарын анықтап қойды.
Сонымен бірге, CAFA турнирге Азия елдері ұлттық құрама командасының бірін шақырғалы отыр.
Чемпионатқа қатысатын 8 команда төрт-төрттен екі топқа бөлінеді. Матчтар бір айналымдық жүйе бойынша өтеді. Екі топтың 1-орын алған командалары өзара финалдық матчта кездеседі. Ал топтарда 2-орынға ие болған командалар 3-орын үшін таласады.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, турнир жолдастық кездесулер деңгейінде болады. Сондықтан оған Ресей құрамасы ешбір міндеттемесіз қатыса алады.
Қазір Ресей клубтары мен ұлттық құрамасы ФИФА мен УЕФА тараптарынан салынған санкциялар салдарынан бірде-бір халықаралық турнирге қатыса алмай отыр. Сол себепті, РФС атқару комитеті өткен жылдың соңында УЕФА-дан Азия Футбол конфедерациясына өту мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрды. Бұл топ Азияға ауысудың артықшылығы мен кемшін тұстарын зерттейтін болады. Осы мақсатта Ресей ұлттық құрамасы CAFA турниріне қатысып көргісі келіп отыр.
Central Asian Football Association (CAFA) немесе Орталық Азия Футбол ассоциациясы – Азия Футбол федерациясының осы аймақтағы футболды бақылаушы бөлімшесі. Оған Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан федерациялары кіреді. Бұл ұйым бұрын Таяу Шығыс елдерімен бірге бір ассоциацияда болып, кейін бірқатар араб елдері өкілдерімен келісімге келе алмаған Иранның бастамасымен құрылған.
Жаңа федерация 2014 жылы құрылып, 2015 жылдан жұмыс істей бастаған.