Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес Михаил Косачев кеше полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды деп хабарлайды, Halyq Uni тілшісі.
Полиция департаменті әзірге бұдан бөлек еш мәлімет жариялаған жоқ.
Еске салайық, биыл 20 наурыз кешкі сағат 19:00 кезінде Петропавл қаласындағы жылу электр орталығының №1 түтін шығару мұржасы опырылып түскен болатын. Төтенше жағдай кезінде аталмыш кәсіпорынның 1984 жылы туған бір қызметкері үйінді астында қалып қойып, мерт болды. Құзырлы орган өкілдері аталған фактіге қатысты бірден қылмыстық іс қозғап, орталықтың директоры мен бас инженерін қамауға алды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ал шаһардың кей аудандарында әлі күнге дейін жылу мен ыстық су мәселесі оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Өйткені ЖЭО-дағы қазандықтарға зақым келіп, энегетиктер оны кезең-кезеңімен іске қосып жатыр. Ал апаттың неден болғанын болашақта мемлекеттік комиссия анықтайды.
Қылмыстық істі тергеу ІІМ мен прокуратураның жіті бақылауында. Жылу электр орталығында кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 18 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет.