«Денсаулығым нашар, мына жерім ауырады» деген екен, ешкім тыңдамаған
Жуырда желіде «Мәжілістің экс-депутаты Самиғолла Оразовтың баласы Украина жерінде Ресей үшін соғысып жүр» деген хабар тарады. Ақпаратты депутат растады.
Самиғолла Оразов баласы Бауыржан Оразовты Ресейде өткен жылдың қыркүйегінде болған жұмылдыру кезінде соғысқа күштеп әкеткені туралы «Азаттыққа» айтты.
«Мобилицазия басталған кезде мен оған: «Бізге кел, елге орал» дедім. Ол маған былай деді: «Ой, әке, кім мені соғысқа алады? Жасым 45-ке келді. Денсаулығым да мәз емес».
Содан кейін оны шақырып алып, әскери комиссариатқа кіргізіпті. «Денсаулығым нашар, мына жерім ауырады» деген екен, ешкім тыңдамаған. Ешқандай комиссия да болмапты. «Ана жаққа барған кезде жазылып кетесің» деп соғысқа айдап жіберіпті.
Қазір ол Запорожье АЭС-іне жақын жердегі Энергодар қаласының маңында жүр. Ол жерде қақтығыс жоқ» деді Оразов.
Бауыржан Оразов Орал қаласында полицияда жұмыс істегені белгілі болды. Кейін Ресейге кетіп, сол жақта отбасын құрып, Ресей азаматтығын алған.
Самиғолла Оразов Ресейдің Саратов облысында туған. 2008-2012 жылдары Орал қаласының әкімі болды. Ал 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.