Бүгінде ұйымның энергетикалық стратегиясы әзірленіп жатыр
Биыл қазанда елорадада Шанхай Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) энергетикалық форумы өтеді, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы Үндістан төрағалық ететін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің бейнеконференция форматында өткен жиынында белгілі болды.
Оған Энергетика министрі Болат Ақшолақов қатысты. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын әзірлеп жатқанын атап өтті. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі энергетика саласындағы одан әрі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын қамтиды.
2023 жылғы маусымда ШЫҰ органдарына төрағалық ету Үндістаннан Қазақстанға ауысады. Осыған байланысты, Болат Ақшолақов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерін биыл қазанда Астанада өтетін ШЫҰ Энергетикалық форумына қатысуға шақырды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кезекті отырысы 2024 жылғы маусымда өткізіледі.