Нашақорлардың санын азайту үшін кешенді жоспар жүзеге асырылады
Елімізде есірткіге тәуелді 1,4 мың әйел мен 100-ге жуық бала бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан 108 851 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде алкогольге тәуелді – 90 608 адам, есірткіге тәуелді – 18 243 адам. 1 498 әйел мен кәмелетке толмаған 97 бала да есірткіге тәуелді. Синтетикалық жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өсу тенденциясы байқалады, - деді Тимур Сұлтанғазиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасында негізгі міндеттер мен іс-шаралар айқындалған.
«Министрлік 8 іс-шараның негізгі орындаушысы және 9 іс-шараның бірлескен орындаушысы болып саналады. Кешенді жоспарда халықтың хабардарлығын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау үшін халықтың барлық тобының арасында кең ақпараттық науқан жүргізу көзделген. Есірткіге тәуелді адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру ремиссияның мерзімі мен ұзақтығын бекітуге және толық емделуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін медициналық-әлеуметтік оңалтумен тікелей байланысты.
Бүгінде 3 кезеңнен тұратын бағдарлама тек 11 өңірдегі пациенттер үшін қолжетімді. Қалған 9 өңірде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру керек, - деді министрдің орынбасары.
Тимур Сұлтанғазиев жасырын есірткі тұтыну деңгейін анықтаудың әртүрлі әдісі мен тәсілі барын атап өтіп, шетелдік тәжірибенің назарға алынатынын жеткізді.
Осыған байланысты Лиссабондағы (Португалия) Есірткі және нашақорлық жөніндегі Еуропалық мониторингтік орталыққа (EMCDDA) барумен алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе зерделенеді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанда осындай орталықты құрудың орындылығы мәселесі қаралады, - деді ол.
Вице-министр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа кешенді жоспар нашарқорлардың санын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Әлихан Асханұлы, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ұзақ ремиссиямен динамикалық бақылаудан алынған адамдардың үлесін 15%-дан 15,4%-ға дейін ұлғайту, медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерінің санын 11-ден 20-ға дейін арттыру жолымен нашақор адамдарға медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігін кеңейту, апиынға тәуелді пациенттерді қамтуды 370-тен 500 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді Тимур Сұлтанғазиев.