×

Көлік салығын төлемегендердің ісі сотқа жолданады

Былтыр Алматыда 16,6 млрд теңге көлік салығы есептелген

 Дәурен Ерболат 14.03.2023 | 15:10
Фото: zakon.kz

2023 жылғы 1 сәуірге дейін көлік салығын төлемегендердің ісі сотқа жолданады. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қалада 441 221 жеке тұлғаның атына тіркелген 709 944 көлік бар.

Биыл 1 сәуірге дейін көлік иелерінің бәрі міндетті түрде 2022 жылғы салықты төлеуге тиіс. Төлем уақтылы жасалмаған жағдайда, әрбір кешіктірілген күн үшін қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл алынады. Борышкерге 30 жұмыс күні ішінде берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарландыру мерзімі өткеннен кейін берешек сомасы 1 АЕК-тен (3 450 теңге) асса, борышкерге 5 жұмыс күні ішінде берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі, - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Борышкерлерге сот орындаушылары тарапынан одан әрі мәжбүрлеу шаралары қолданылады: мүлкі мен банк шоттарына тыйым салудан елден шығуға дейін.

Салықты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе www.kgd.gov.kz арқылы әрі «Қазпошта» АҚ филиалдарында немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы да төлеуге болады.

Салықты қазақстандықтар көлік иесінің тұрғылықты жері бойынша төлейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама