×

Екібастұзда тұңғыш рет садақ атудан жарыстың жалауы желбіреді

Біріншілікке 7 жасар бала да қатысты  

 Дастан Жұмабекұлы 14.03.2023 | 14:44
фото: Қаршыға Мұқыш

Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің базасында қазақтың ұлттық спорт өнерінің бірі – садақ атудан ересектер мен жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті.

Ашық біріншілікті ұйымдастырған «Зерде» мамандырылған дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі Нұрбек Мұқышевтің айтуынша, аталған мектепте оқушылар арасында садақ ату үйірмесінің ашылғанына 2 жыл болған. Былтыр 4 оқушы Қарағандыда өткен республикалық турнирден олжалы оралды. Екі жыл толмай, жүйелі еңбек етудің арқасында садақ ату үйірмесі Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясынан «Сарсадақ Қоныс» мергендер клубының лицензиясын алды.

Ал алғаш рет өткен ашық біріншіліктің өзіне келсек, оның ашылу салтанатында Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов сөз сөйлеп, жас садақшыларға ақжолтай тілек айтты. Содан кейін жаңадан ашылып, көпсалалы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің құрылтайшысы Ерлан Аманжолұлы сөз алып, ұлттық рухтың асқақтауына дәстүрлі ұлттық ойындардың маңызы зор екенін атап өтті.  

Ашық біріншілікке еліміздің жер-жерінен командалық және жекелей сында 120 спортшы қатысты. Атап айтсақ, Екібастұз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Астана, Маңғыстау, Атырау қалаларынан, Ақсу-Аюлы, Бұқар-Жырау аудандары (Қарағанды облысы), Аягөз (Абай облысы), Ақкөл (Екібастұз ауданы) және Баянауыл ауданының Майқайың, Құндыкөл, Егіндібұлақ ауылдарынан жасөспірім оқушылар командалары бақ сынады. Соның ішінде біріншілікке 7 жасар бала Нұрали Серік те қатысты.  

Ойын тәртібі бойынша 10 жасқа дейінгі балалар 10 метрлік қашықтықтан адырнасын он рет тартып, екі айналым нысана көздеді. Осы тәртіпте 10-15 жас аралығындағы ұл және қыз балалар сайысқа түсті. Ересектер 20, 25, 30 метр қашықтықтан жамбы атты. Ойын сәт сайын қыза түсті. Садағын шірене тартқан спортшылар түгілі жанкүйерлердің делебесі қозды. Садақ тартып қызықтаған жанкүйер: «Жебені шірене тартып, садақтың шықырлаған дауысын, жебенің суылдап ұшқанын естігенде арқа қозып, бойыңды тылсым бір күш кернейді екен», – деп жатты.

Жарыс барысында жеңімпаздарға кубоктар мен ақшалай демеушілік көрсеткен өңірлік кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, «КазЛидерМех» ЖШС басшысы Нұрман Батталғазыұлына, Марат Серікұлына және қалалық дене тәрбиесі бағытының әдіскері Азамат Дүйсенбайұлына алғыс айтамыз. Турнир Наурыз мерекесіне дөп келгендіктен  киіз үй тігіліп, ас тартылып, қымыз, наурызкөже берілуі де алыстан келген қонақтарға деген құрмет еді.

Садақ ату ойыны Павлодар өңірінде КСРО кезіндегі жетпіс жылда, одан кейінгі отыз жылда алғашқы рет қолға алынып отырғанын ескеру керек.  Десек те  қолдау тапқанына қуанамыз. Шұрайлы қоныс, алқапты жайылым үшін жан алысып, жан беріскен заманда Ертіс-Баян өңірінен шыққан батырлардың ерлігі сөзсіз. Бірақ қазіргі таңда бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Солардың бірі Мәшһүр Жүсіп көп томдықтарында ерлігі хатталған Баянауыл-Шідерті даласындағы қанды қақтығыста көзге түскен, құралайды көзге атқан мерген, садақшы Қоныс батыр болған екен. Сол майданнан кейін жұрт мергендігін дәріптеп, Сарсадақ Қоныс деп атап кетсе керек.

Осы өңірден шығар болашақ еліміздің және халықаралық турнирлерде топ жарар жеткіншектерді ата-бабаларының аруағы желеп-жебеп жүрсін деген ырымның нышаны ретінде мергендер клубын «Сарсадақ Қоныс» атадық дейді, –  деді  Нұрбек Мұқышев.

Жарыста ересектер арасында бас жүлдені Семей қаласы «Алаш» садақ ату клубының мүшесі Дулат Қысатай жеңіп алды. Ал жанкүйерлер алдағы уақытта салқар өнер садақ ату спортының бұдан да биік деңгейде көрінетініне сенім білдіріп, ашық біріншілікті жалғыз өзі ұйымдастырған Нұрбек Мұқышевке алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама