Еліміздің барлық мектеп, колледждерінде бір уақытта қазақ күйлері орындалады
Барлық білім ұйымында «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтеді
17 наурызда барлық білім ұйымында елорда уақыты бойынша сағат 12:00-де «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Аман Сейтовтің айтуынша, шара білім алушыларды ұлттық рух пен отан сүйгіштікке тәрбиелеуге, елдің мәдени мұрасын сақтап, балалар арасында ұлттық музыкалық аспапты насихаттауға бағытталған.
Домбырашылар челленджі – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Осы жұма күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта домбыраның қоңыр үні күмбірлейтін болады. Бұл – республиканың мәдени өміріндегі ерекше оқиға, – деді Аман Сейтов.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде Наурыз мейрамы 10-17 наурыз аралығында өтеді. Бұл күндері жалпы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық акциялары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар фестивалі, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» атты сурет байқауы және «Отбасы – бақыт мекені» отбасылық жарысы басталады.