Шымкентте қаңтар оқиғасына қатысты қамалғандардың туыстары аштық жариялады

Назерке Еркінбекқызы

Қалалық прокуратура өкілдері іс 8 сәуірге дейін сотқа жолданатынын айтты

фото: Halyq Uni

Шымкент қалалық прокуратура ғимаратының алдына жиналған 10 шақты адам қаңтар оқиғасына қатысты әу баста екі айға қамауға алынған туыстарының босатылмағанына үш ай болғанын айтты.

Қамауда отырған азаматтардың туыстары бұған дейін де наразылығын қалалық УҰИ (уақытша ұстау изоляторы) мен прокуратура алдында білдірген. Алайда, бірнеше рет ұйымдастырылған наразылықтан еш нәтиже шықпағанын айтқан тұрғындар аштық жариялап отыр.

Күйеуім екі айға қамалған. Қаңтар оқиғасына қатысты санкция. Сосын қамауға алу мерзімін үш айға созды. Бар айтатыны - экспертиза нәтижесі келмеген. Бір ай ішінде шешуге тырысатынын айтқан, бірақ тағы екі ай қосып берді. Соған наразылық ретінде осы жерге келіп, аштық жарияладық, - дейді қамалған ер адамның жары Назерке Елубайқызы.

Наразылық білдірген топ кеше түстен бастап аштық жариялаған. Олар өткен түні қалалық прокуратура алдында сағат 00:00-ге дейін отырған. Сосын учаскелік полицейлер келіп, оларды үйіне тарқатқан.

Аштық жариялаған 10 шақты адам бүгін прокуратура ғимаратының алдына қайта жиналды. Бұл жолы прокуратура өкілдері наразы топты қабылдап, әңгімелесті. Бірақ бұл кездесуге БАҚ өкілдерін қатыстырған жоқ.

«Прокурордың орынбасары Ержан Мұратұлы қабылдады. Ол кісі сараптама нәтижесін күтпейтінін айтты. 8 сәуірге дейін істі сотқа өткізеді. Бес күн ішінде жауап келген соң бірінші сот болады. Ары кетсе 2-3 сотқа жалғасуы мүмкін. Бас бостандығынан айырылмайтынына уәде берді. Айыппұл салынып, немесе бас бостандығын шектеу жазасымен аяқталуы мүмкін», - дейді Назерке Елубайқызы.

Наразы топ прокуратура өкілінің берген уәдесі орындалмайтын болса, қайта аштық жариялап, митингке шығуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, 28 наурызда Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы бойынша 314 күдіктіге қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен аяқталғанын мәлімдеді.

Сотталғандардың ішінде: 156 адам - ұрлық жасағандар, 23 адам - заңсыз қару сақтағандар, 7 адам - қару ұрлағандар, 3 адам - тонағандар. Қадағалау органы қабылдаған қаулылардың заңдылығын тексеру нәтижесі бойынша 291 айыпталушы сотқа тартылған.