Halyq Uni логотип
×

160-тан аса қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаға қатысады

Білім додасында әлемнің 38 елінен жиналған сайысшылар бақ сынайды

 Динара Амантай 13.03.2023 | 15:15
160-тан аса қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаға қатысады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық 157 оқушы Азия-Тынық мұхиты және «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадада ел намысын қорғайтын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, білім додасына «Математика» пәні бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезең жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, зияткерлік жарыстар математика ғылымдары саласындағы дарынды оқушыларды анықтауға, шараға қатысушы елдер арасында халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды дамытуға бағытталған.

Қазақстаннан бұл олимпиадаларға жыл сайын 120-дан аса оқушы қатысады. 2003 жылдан бастап біздің олимпиадашылар 65 алтын, 182 күміс және 302 қола медаль жеңіп алды, - деді «Дарын» РҒПО зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Абай Дүйсен.

Айта кетсек, Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасына Аргентина, Австралия, Канада, Гонконг, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Малайзия, АҚШ, Түркия, Мексика секілді 38 ел қатысады. Ал «Жібек жолы» олимпиадасында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің дарынды оқушылары сайысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама