Астанада басқарма басшысы жемқорлықпен ұсталды
Оған параның 30 еселенген сомасында айыппұл салынды
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысына пара алғаны үшін және ЖШС директорына пара бергені үшін айыптау үкімін шығарды.
Сотта анықталғандай, басқарма басшысы ЖШС директорынан жұмыссыздарды оқытуға келісім-шарт жасасу, сондай-ақ олар бойынша төлем жасау үшін 310 мың теңге пара алған. Сотта сотталушылардың кінәсі ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен, олардың мойындауларымен, сотталушының тұрғылықты жері бойынша тінту хаттамасымен және одан алынған параның қалған бөлігін тәркілеумен, іс жүргізу нәтижелерімен расталды.
Басқарма басшысы пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған параның 30 еселенген сомасында 9,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал ЖШС директоры пара бергені үшін кінәлі деп танылып, оған параның 20 еселенген сомасында 6,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сотталушылар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.