Енді жаңа мекенжайға мобильді қосымша арқылы тіркелуге болады
Қызметті пайдалану жеке деректерге қауіп төндірмейді
Енді қазақстандықтар мобильді қосымша арқылы тұрғылықты жері мен уақытша мекенжай бойынша тіркеле алады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, kaspi.kz ІІМ Көші-қон қызметі комитетімен, Цифрлық даму, Әділет министрліктерімен бірлесіп, жаңа сервисті іске қосқан.
Енді осы банктің мобильді қосымшасы арқылы тұрғылықты жеріңіз бен мекенжай бойынша уақытша немесе тұрақты тіркеуді рәсімдей аласыз. Бұл қызмет өзіңізді, балаларыңызды, пәтеріңіздегі басқа адамдарды тіркеуге немесе тіркеуден шығаруға мүмкіндік береді, - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен брифингте.
Қазақстандықтарға тіркеу кезінде ЖСН (ИИН) енгізу жеткілікті, ал аты-жөні мен мекенжайы автоматты түрде анықталады.
«Бұл қызметті пайдалану қауіпсіз. Тіркелу кезінде фотоверификациядан өту керек. Ол сіздің атыңыздан қызметті ешкім пайдалана алмайтынына кепілдік береді. Азаматтарға смартфонда көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және есептен шығару сияқты сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер қолжетімді», - деді ол.