Маңғыстау облысының бір ауданына 500 бейнебақылау камерасы орнатылады
Оның ішінде 200 камера «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосылады
Биыл Мұнайлы ауданында 500 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, алдымен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 38 мыңға жуық тұрғыны бар Басқұдық ауылында болған. Онда 2022 жылмен салыстырғанда халық саны 3,25% өскен. Ауылдық округте 2 денсаулық сақтау ұйымы, 5 мектеп, 19 балабақша бар.
Басқұдық ауылдық округінің әкімі Жамбыл Құрмановтың айтуынша, ауылда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді: мұнда 886 кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетеді. 2022 жылы шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны 34,4%-ға артты. Білім, медицина, сауда, өндіріс салаларында 56 кәсіпкерлік нысан ашылған.
Жиында аудан әкімі Ержан Күмісқалиев 2022 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 500 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Оның ішінде 200 камера «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосылады. Ал қалған 300 бейнебақылау камерасы арқылы Мұнайлы ауданында жедел басқаруға арналған шағын орталық ашылады. Жүйені толық іске қосу 2023 жылдың мамыр айына жоспарланған.
Облыс әкімімен кездесуге келгендер заманауи теміржол вокзалының құрылысы, көшелерді жарықтандыру, бұралқы иттерді аулауға қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының басым бөлігін ауыз сумен қамту мәселесі алаңдатып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапары барысында бірінші кезекте халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл мәселені шешу үшін МАЭК-ке қуаттылығы тәулігіне 24 мың текше метр су тұшыту қондырғысын орнатпақ. Сондай-ақ Құйылыс жерасты су кен орнының құбыры тозған, ауыстыруды қажет етеді. Қазір құбыр арқылы тәулігіне 25 мың текше метр су беріп тұр. Бұл МАЭК-ке де, Ақтаудағы су тұщыту зауытына да жетпейді. Сондықтан жалпы қуаттылығы 46 мың текше метр болатын тағы 47 шақырым су құбырын тарту қажет. Бұл жұмыстарға мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаражат бөлінді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ауыз су тапшылығы кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бұл мәселе тұрақты бақылауымызда болады, – деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев азаматтарды жеке қабылдады.