Су тасқыны: мамандар жолдарды тәулік бойы бақылауда ұстайды
Бүгінде барлық жол ашық
Мамандар су басу қаупі бар республикалық маңызды жолдарды бақылап отыр, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.
Мамандар көліктердің жүріп-тұруын үздіксіз қамтамасыз ету үшін су басу қаупі бар жол учаскелерін тәулік бойы бақылауда ұстайды. Мәселен, өткен түнде жолшылар Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлеріндегі 3 республикалық тасжолдың 7 учаскесінде еріген қар суын бұру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде су басу қаупі сейілді.
Жолшылар еріген қар суын мотопомпалармен шығарып, жол жиектерін инертті материалы бар 2100 дана қаппен нығайтты. Қазір қозғалыс штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Атқарылған жұмыстар Ақтөбе облысындағы М-36 «Самара-Шымкент» тасжолының 576-578-шақырымында және А-26 «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» күре жолының 170, 182, 187-шақырымында жүргізілді.
Батыс Қазақстан облысында М-36 «Самара-Шымкент» тасжолының 479-шақырымында және «Подстепное – Федоровка» күре жолының 11-шақырымында жүргізілді.
Еріген қар суын бұру жұмысына 50 маман мен 20 арнайы техника жұмылдырылды.
Республикалық маңызы бар барлық автожол ашық, су басқан учаскелер тіркелген жоқ.