БҚО-да бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланды
Оралда сегіз үйді су басқан
Бөрлі ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
БҚО ТЖД жедел штабы 12 наурыздағы жағдай бойынша өңір аумағындағы су тасқыны жағдайы туралы хабарлады.
«12:00-де Деркөл және Чижа-2 өзендеріндегі су деңгейі қауіпті белгіден төмен. Өзендердің қауіпті учаскелерінде кезекшілік ұйымдастырылды. Су айдындарына мониторинг жүргізіледі. 11 наурызда Орал, Тасқала және Бәйтерек аудандарының аумақтарына ұшақпен бақылау жүргізілді. Деркөл, Шаған және Чижа-2 өзендері мен бассейндерінің жай-күйі зерттелді», - деді жедел штаб өкілдері.
Бөрлі ауданының әкімі елді мекендерді, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін су басу қаупіне байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Оралда сегіз үйді су басқан.
Барлық мекен-жай бойынша үйлерден су сорылды. Сонымен қатар, Орал, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Теректі, Сырым аудандарында және Бәйтерек ауданында еріген су сорылады.