×

«Төрт бала әкесіз қалды»: күйеуі лифт шахтасына құлаған астаналық жесір әйел жанайқайын айтты

4 балалы әйел 2 апта бұрын қапыда күйеуінен айырылып қалған

 Халық үні 11.03.2023 | 22:50
Фото: Almaty.tv

Астанада көпбалалы ана жеделсатыларға техникалық қызмет көрсететін компаниядан үй талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Меруерт Қарышева осыдан 2 апта бұрын қапыда күйеуінен айырылып қалған. Бір-ақ күнде 4 бала әкесіз қалды. Отағасы жедел сатыларға қызмет көрсететін компанияда 10 жылға жуық жұмыс істепті. 23 ақпан күні жұмысқа кетіп, үйіне қайтып оралмаған.  

«Басында аяғы, белі сынды деген. Тіпті, ауруханаға жеткізе алмайтынын айтқан. «Бәріне дайын болыңыздар» деп ескерткен. Сосын қайтыс болғанын хабарлады», – деді қала тұрғыны Меруерт Қарышева.

Ақылбек Қарышев қайтыс болатын күні дәл осы бизнес орталығына лифт орнатуға келген. Әйелінің айтуынша, марқұм жедел сатының шахтасына құлаған. Алтыншы қабаттан жерге құлап түскенде Ақылбек Қарышев сол күйі тіл тартпай кеткен.  

Марқұм отбасымен бірге жалдамалы пәтерде ай сайын 160 мың теңге төлеп тұрған. Ақылбек Қарышев көз жұмғаннан кейін мекеме басшылығы оның отбасына жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер беретінін айтып, уәде еткен. Алайда Меруерт Қарышеваның айтуынша, компания ұсынып отырған мердігерлер әкімдіктің қара тізімінде екен. Енді 4 баламен жесір қалған ана пәтер ақысын төлей алмай отыр. Ал марқұм күйеуі жұмыс істеген мекеме басшысы «қайғылы оқиға болатын күні оны лифт жөндеуге біз жібермедік» дейді.

«Біз лифтілерге техникалық қызмет көрсететін компаниямыз. Жеделсатыларды орнататын басқа компанияны жалдаған болатынбыз. Ақылбек Қарышев сол жақта қосымша жұмыс істеп жүрді. Ал ол кәсіпкермен арада келісімшарт болмаған. Енді мен адамдықтан аттамайын деп, әкесіз қалған балалардың басында баспана болсын деген ниетпен пәтер ұсынып отырмын. Ал марқұмның әйелі ол құрылыс компаниясы «қара» тізімде деп бас тартып отыр», – деді жеделсатыларға қызмет көрсететін компания басшысының міндетін атқарушы Виталий Хлевнюк.

Жұмыс орнында көз жұму фактісі бойынша қазір қалалық еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы қашан шығатыны белгісіз. Бір анығы, еңбек инспекциясы жесір қалған көпбалалы ана мен компания басшылығын шақырып, баспана беру мәселесін шешпек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама