БҚО-да полицей кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартқан

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Оралда полицей кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлер Орал қаласы Ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімше қызметкерінің оларды әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту мәселесі бойынша жүгінген. Жауапкершілікке тартудың себебі ретінде белгіленбеген жерлерде сауда жасағандығын көрсеткен.

Алайда кәсіпкерлердің қызмет түрі саудамен ешқандай байланысы жоқ. Аталған сауда жасау фактісі шын мәнімде жүзеге аспаса да, полиция қызметкері кәсіпкерлерді сырттай жауапкершілікке тартқан. Бұл әкімшілік жауапкершілік туралы кәсіпкерлер үшінші тұлғардан хабардар болған.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен ҚР ӘҚБтК 204-бабы 1-бөлігі бойынша жасалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың күші жойылды.

Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 416-бабы 2-бөлігі бойынша полиция қызметкеріне қатысты дәлелдемелерді бұрмалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.