Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің 20 стартапы Кремний алқабында білім алады
Бағдат Мусин Draper University-нде ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды
Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің 20 стартапы биылғы жылы Кремний алқабында акселерация бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram парақшасына жазды.
Министр Сан-Францискода маңызды іс-сапармен келгенін айтты.
Технология саласының мамандары үшін әлем бойынша беделді оқу орындарының бірі саналатын Draper University-не барып, оның қабырғасында Astana Hub-пен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойдық. Келісімнің арқасында енді Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің 20 стартапы биылғы жылы Кремний алқабында акселерация бағдарламасы бойынша білім алады. Олар үшін бұл өз білімдерін жетілдірудің, жаңа тәжірибе алудың және жобаны әлемдік нарыққа шығарудың бірегей мүмкіндігі, – деп жазды Бағдат Мусин.
Айтуынша, бірінші кезеңде 80 ІТ-жоба өнімді дамыту және ілгерілету бойынша екі апталық онлайн-бағдарламадан өтеді, халықаралық венчурлік қорлардан инвестициялар тарту принциптерін зерделейді. Олардың ішінен 5 аптаға созылатын акселерациялық бағдарламаға қатысу үшін Draper University-не тікелей баратын 20 жоба іріктеледі.
Осылайша стартап иелеріне 6 айға дейін тұратын орын және жұмыс істейтін кеңістік беріледі. Оқыту процесі Draper экожүйесіндегі әлемге танымал технология саласындағы кәсіпкерлер және сарапшылардың қатысуымен жүзеге асады. Бұл өз кезегінде Түркі елдерінің стартаптапы үшін инвестиция тартуға, сондай-ақ жаһандық нарыққа шығуы үшін жасалатын қадам, – деп мәлімдеді министр.