Жол қысқартпақ болған әйел мұз астына түсіп кетті

Халық үні

Әйелді құтқаруға 5 қызметкері мен 2 техника жұмылдырылды

фото: ашық дереккөзден

Атырауда Жайық өзеніне батып бара жатқан әйел құтқарылды, деп хабарлайды Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы. 

«Кешкі сағат 21:49-да Атырау қаласындағы «Элита» мейрамханасының тұсында белгісіз адам Жайық өзеніне батып бара жатқаны туралы шақырту түсті. Шақырту орнына жеткен жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен жедел кезекші суға батқан әйелді құтқарып қалды.

Ол жолды қысқарту үшін өзеннің келесі жағалауына мұз үстімен өтпек болған. Құтқарылған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір 1979 жылы туған әйел аурухана дәрігерлерінің бақылауына алынды», – делінген хабарламада. 

Жайық өзеніне батқан әйелді құтқаруға департаменттің 5 қызметкері мен 2 техника жұмылдырылды.

«Бір күнде Жайық өзеніне екі адамның батқаны тіркелді. Осыған байланысты тұрғындардан жұқа мұз үстімен өтпеуді ескертеміз. Өйткені, ауа райының жылынуына байланысты Жайық өзеніндегі мұз еріп жатыр», - делінген хабарламада.