Ол мамандығына адал болған
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі Орал қалалық сотының тергеу судьясы Нұрлан Губашевтың өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болғанын айтты, деп хабарлайды «Мой город» басылымы.
«Батыс Қазақстан облыстық соты және БҚО бойынша соттар әкімшісі ұжымы Нұрлан Ерболатұлы Ғұбашевтың кенеттен қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Ол - мамандығына деген адалдығымен үлгі бола білген тамаша да жарқын тұлға еді», - делінген сот хабарламасында.
Нұрлан Ғұбашев 1968 жылы БҚО «Правда» кеңшарында дүниеге келген. 1993 жылы Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы «құқықтану» мамандығы бойынша жоғары мектебін бітірген. 25 жылдан астам уақыт түрлі қызметте жұмыс істеді.
Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2016 жылы БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып бастады. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Орал қалалық сотының тергеу судьясы болып қызмет атқарды.