Мұнай тасымалдау бірнеше бағыт арқылы жүргізіледі
2023 жылы еліміз Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін барлық бағыттағы экспорт пен транзитке ашық.
Бүгінде тек «Шығыс-Батыс» қана емес, «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты да бар. Осыған дейін орта бағыт айтылды, бірақ оңтүстік бағыт та бар. Ол Түрікменстан мен Иран арқылы өтеді. Былтыр президент Иранға барып, тауарды Түркия арқылы сол елге жіберу бойынша келісімдер жүргізді, - деді вице-министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Роман Василенко бүгінде еліміз арқылы мұнай тасымалдау бірнеше бағыт бойынша жүргізілетінін атап өтті.
Оның ішіне Ресей арқылы өтетін бағыттар кіреді. Каспий құбыр консорциумы, «Атырау-Самара» құбыры, «Махачкала-Ақтау» бағыттары болды. Биылдан бастап «Ақтау-Баку» бағытындағы тасымалдау іске қосылады, яғни мұнай тасымалы Әзербайжан арқылы жолға қойылмақ, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қашаған мұнайы Ресейді айналып өтіп, Еуропаға жеткізілетіні хабарланған болатын.