Маңғыстауда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Жәбірленушіге 3,3 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірілді
Маңғыстауда 50 шақты қойды ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Маңғыстау ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесі мен ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары және патрульдік полиция ротасы қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары барысында ГАЗель көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көлік құралының жүк салғышынан ұрланған 3 қой табылып, 4 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды.
Ұрланған мал жеке шаруа қожалығына тиесілі болып шықты. Әрі қарай, ұсталған күдіктілерді тергеп-тексеру нәтижесінде олардың тағы 44 қой ұрлығына қатысы бар екендігі белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 3,3 млн теңгеге жуық.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі («Ұрлық») бойынша Маңғыстау ауданы полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.