×

Қазақстанның екі өңірінде 12 қар көшкіні жүрді

Алматы облысында 2 учаскеде жол жабық

 Динара Амантай 10.03.2023 | 14:37
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстанның екі облысында бір тәулікте 12 қар көшкіні жүріп өтті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 9 наурызда сағат 10:30-да Алматы облысының ТЖД Еңбекшіқазақ ауданында Есік өзені бассейнінің шатқалы арқылы өтетін облыстық маңызы бар «Есік қаласы – Есік өзені» автожолында тау беткейлеріндегі қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты 7 жерде қар көшкіні өздігінен түскен. Түскен көшкіннің жалпы көлемі – 428,2 текше метр.

Түскен көшкін облыстық маңызы бар «Есік қаласы – Есік өзені» автожолын жауып тастады. Зардап шеккендер жоқ. Көшкін болған жерге «Қазселденқорғау» ММ-нің 3 қызметкері және 1 техникасы, ТЖД-нің 1 қызметкері мен 1 техникасы шықты.

Азаматтардың қауіпсіздігі және автокөлік жол қозғалысын тоқтатпау мақсатында Алматы облысының «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-нің 2022 жылғы 7 қарашадағы хатына сәйкес, «Есік қаласы – Есік өзені» автожолының 7 шақырымынан 15 шақырымына дейінгі, сондай-ақ Түрген-Батан ауылы – Асы обсерваториясы автожолының 20 шақырымынан 41 шақырымына дейінгі аралық 31 наурызға дейін жабық.

Шығыс Қазақстан облысында болған мол жауын-шашын, жел және температуралық фонның көтерілуі қар көшкіні қаупі бар беткейлерден қардың түсу қауіп-қатерін туғызды. «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары көшкіннің өздігінен түсуінің алдын алу мақсатында «Өскемен-Алтай» автожолының 61-62 шақырымында қарды профилактикалық түсірулер жүргізді.

Автожолға көшкін түсу қаупіне байланысты біз 5 рет жалпы көлемі 23 700 текше метр қар түсірдік. Қар массасы жолды толығымен жауып тастады. Қазавтожол қызметкерлері автожолды тазартып жатыр. Біз өз тарапымыздан қар көшкінін болдырмау бойынша жұмыс жүргіздік. Азаматтарға тауда болған кезде ережелерді сақтауға кеңес береміз. Көшкін қаупі бар ошақтардан өтіп бара жатқанда өте мұқият болуыңыз керек, олардың жанына тоқтамаңыз. Жауын-шашын көп жауған кезде қар көшкінінің түсу қаупі артады, - деді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама