Екі адам моншаға түсіп жатып көз жұмған
Шымкентте наурыз айында 4 адам газдан уланып, көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
6 наурыз күні қайғылы жағдайдан 2 адам көз жұмса, араға күн салып тағы 2 адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына тексеріс жүргізген мамандар үйдегі газ құрылғысының дұрыс орнатылмағанын анықтаған. Жалпы мегаполисте жылыту маусымында мыңнан астам адам улы газдан зардап шеккен.
Достық шағынауданындағы тұрғын үйде 2 күн бұрын 2 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, 1963 және 1964 жылы туған қала тұрғындары газдан уланып қайтыс болған. Оқыс оқиға орнына жеткен жедел топ газбен жылытылатын су жылытқыш құрылғыда ақау бар екенін анықтады.
«Екі адам моншаға түсіп жатып көз жұмған. Су жылытқыш қазандықты қыздыратын көгілдір отыны бар түтік бекітілмеген. Ол бөлме ішінде болған. Салдарынан екі адам қайтыс болып отыр», – деді «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы басшысының бірінші орынбасары Ерғали Айбек.
Ал бұдан бірнеше күн бұрын 13 жасар жасөспірім мен 1975 жылы туған ер адам улы иістен қайтыс болған еді. 2 жағдайда да арнайы бригада газ монтаждау құрылығысының дұрыс орнатылмағанын айтқан болатын. Қазір бұл үйлер көгілдір отыннан ажыратылды. Нақты себебі анықталып жатыр.
«Үй иесі еңбек қауіпсіздігін сақтамағандықтан, салдарынан осындай жағдай болып отыр. Сонымен қатар бұл ішкі жүйені қадағалау, бәсекелестік нарығында бұл жұмысты жеке кәсіпкерлер атқарады. Үй иелері жеке кәсіпкермен ішкі газ жүйесін тексеру үшін келісімшартқа отыруы тиіс. Жылына 2 рет, қысты маусым алдында және аяқталған уақытта тексеріліп отыруы керек», – деді Ерғали Айбек.
Биыл жылыту маусымы басталғалы бері қалада 1211 адам газдан уланып, 20 тұрғын көз жұмған. Қаза болғандардың ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар. Мамандар газ орнатарда заң бұзылса, азаматтарға айыппұл салынатынын ескертті.