Halyq Uni логотип
×

Теңіз кенішінде жаппай жұмыстан босатылатындарға қатысты қандай шара қолданылып жатыр

Төрт ай бұрын Теңіз кенішінен 2022 жылдың соңына дейін 39 мың адамның жұмыстан босатылатыны хабарланды

 Айнұр Асылбекқызы 01.04.2022 | 10:03
Теңіз кенішінде жаппай жұмыстан босатылатындарға қатысты қандай шара қолданылып жатыр
фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысында 7 мың жұмысшы ТШО компанияларының өзге жобаларында қалады. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек Артығалиев мәлім етті.

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында «Теңізшевройл» ЖШС-ның мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ еңбек ұжымдары арасындағы еңбек дауларын болдырмау мен еңбек қатынастарының жағдайы жөніндегі мәселелер қаралды.

Өз кезегінде Ризабек Артығалиев «Болашақ кеңею» жобасының бітуіне байланысты жыл соңына дейін босатылуы жоспарланған жұмысшылардың 7 мыңнан астамын компания өзіндегі өзге жобаларға жұмысқа алуды қарастырып отырғанын жеткізді. 

Ал, бұған дейін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Теңізшевройл» компаниясынан босатылатын жұмысшылар мемлекеттік бағдарламалар және инвестициялық жобалардағы өзге де жұмыс орындарына тартылатынын мәлімдеген болатын.

Облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров еңбек даулары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«2021 жылдың ақпанынан күні бүгінге дейін еңбек тәуекелдігінде 56 мекеме болса, оның 49-ның даулары шешімін тапты. Қазір 52 жұмысшының алдындағы 8 миллион теңге берешегі бар 3 мекемемен жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жобадан босатылғандарды жұмысқа орналастыру кезінде жергілікті тұрғындарға басымдық беру жайында айтты.

«Келешек кеңею» жобасынан жыл соңына дейін босатылады деп жоспарларанғандардан басқа жұмысқа ауыстырылатындардың тізімін сапалы етіп жасап, әкімдікке уақытылы ұсыныңыздар. Жобадан босатылатын жұмысшылардың аты-жөні, құжаты, мамандығы, мекен-жайы, байланыс нөмірі көрсетілген тізімін бір ай бұрын, ал нақты босатылған жұмысшылардың тізімін әр айдың басында беруді тапсырамын. Алдағы айларда босатылатын жұмысшыларды жұмысқа орналастыруды жоспарлау үшін, алдағы 3 айдың болжамын жолдаңыздар. Босатылған жұмысшылар мердігерлік мекемелерге жұмысқа орналасуына ықпал етіңіздер. Жұмысқа орналастыру кезінде жергілікті тұрғындарға басымдық беру жағын да ойластыру керек.

Бүгінгі комиссияда қаралған жұмыс берушілер еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбекақы берешектерінің төлемеу жағдайларына жол бермеу және алдын алу іс-шараларын қабылдаңыздар», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Айта кетейік, жиынға облыстағы мұнай-газ секторындағы сондай-ақ өзге де негізгі жұмыс беруші ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Еске салсақ, 2021 жылдың желтоқсанында Теңіз кенішінен 2022 жылдың соңына дейін 39 мың адамның жұмыстан босатылатыны хабарланған болатын. Олардың 37 мыңы - Қазақстан азаматы. Соның ішінде 40 пайызға жуығы атыраулықтар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама