Тоқаев алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды
Үш жылдық бюджеттің ең көп үлесі - әлеуметтік сала шығыстары
Мемлекет басшысы «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды.
Үш жылдық бюджеттің ең көп үлесі - әлеуметтік сала шығыстары. Шығыстардың жалпы көлемінің 50,8%-ы 2022 жылы осы салаға бағытталатын болады. Ал 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 59,8%-ды құрайды. Бұл туралы 18 қарашада Сенатта өткен 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қарау барысында айтылды.
Депутаттар заң жобаларын Сенатта қарау нәтижесі бойынша республикалық бюджетке түзетулер енгізуді ұсынды. Олар, атап айтқанда, автожолдарды қайта жаңарту мен дамытуға, газбен жабдықтауға, су құбыры желілерін салу мен жөндеуге және басқа да шығыстарды ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл шығыстарды Үкімет резервінде көзделген қаражатты қайта бөлу есебінен қаржыландыру көзделген.