Halyq Uni логотип
×

Бекіре балықтарының заңсыз айналымына қылмыстық жаза қатаңдатылды – Бас прокуратура

Браконьерлердің заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген

 Динара Амантай 09.03.2023 | 11:55
Бекіре балықтарының заңсыз айналымына қылмыстық жаза қатаңдатылды – Бас прокуратура
Фото: Halyq Uni

2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен браконьерлік үшін жаза күшейтілді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бүгінде Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен, уәкілетті органдармен заңсыз балық айналымына қарсы күресте бірқатар жұмыс атқарылған.

Атап айтқанда балықтарды, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, тасымалдау, сақтау және өткізу қылмыстары үшін 93 адам сотталды. Оның 26-сы нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Олардың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген.

Мысалы, Ш.Р. есімді азамат бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз иемденгені және сақтағаны үшін мемлекетке келген залал 130 млн теңге өндірумен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған.

Табиғатқа келтірілген залал тек бекіре тұқымдас балықтар мен оның дериваттарын аулағандарға ғана емес, оны заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдағандарға да қойылатынын атап өткен жөн.

Осыған байланысты, прокуратура бекіре тұқымдас балықтар мен дериваттарын арнайы дүкендерден және олардың заңдылығын растайтын құжаттары болған кезде ғана сатып алу қажеттігіне назар аударады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама