Мәжіліс жұмысы жаңа форматқа көшпек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауының негізгі бағыттарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі төменгі палатаның атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Президентке берілген ақпаратқа сәйкес, екінші сессия басталғалы бері Мәжіліс депутаттарының қарауына 96 заң жобасы түскен және оның 53-і мақұлданып, Сенатқа жолданған.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы парламенттің төменгі палатасы жұмысының жаңа форматы туралы айтты.
Ерлан Қошановтың айтуынша, депутаттар енді өз жұмысында ашықтықты арттыруға, парламенттік мәдениетті нығайтуға және халықпен арадағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән береді. Қоғамдағы өте маңызды мәселелер бойынша парламенттік тыңдалымдар мен басқа да іс-шаралар жиі өткізіледі.
Парламенттің төменгі палатасында азаматтардың өтініштері мен талап-тілектеріне, соның ішінде депутаттардың өңірлерге сапары барысында көтерілген мәселелерге қатысты жұмыстың жаңа тетіктері енгізіледі. Мәжіліс депутаттары жергілікті жерлерде сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізеді.